Zhubanov University

Zhubanov University

Share

🏛️ БАТЫС ӨҢІРІНДЕГІ №1 УНИВЕРСИТЕТ

Photos from Zhubanov University's post 16/06/2026

ЖАС ЗЕРТТЕУШІНІҢ ЕҢБЕГІ ӘЛЕМДІК ҒЫЛЫМИ БАСЫЛЫМДА ЖАРИЯЛАНДЫ

Университет магистранты Дильназ Конбаеваның «Mpox-Related Knowledge, Risk Perception, and Vaccination Willingness among University Students in Aktobe, Kazakhstan: A Cross-Sectional Study» атты ғылыми мақаласы халықаралық деңгейдегі беделді Vaccines ғылыми журналында жарияланды. Аталған басылым Web of Science деректер қорында индекстелетін және вакцинация, иммунология және қоғамдық денсаулық сақтау салаларындағы өзекті зерттеулерді жариялайтын жетекші рецензияланатын журналдардың бірі.

Зерттеу жұмысы Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орындарының 482 студентін қамтып, олардың Mpox (маймыл шешегі) инфекциясы туралы білім деңгейін, ауру қаупін қабылдау ерекшеліктерін және вакцинацияға дайындығын бағалауға бағытталған.

Зерттеу нәтижелері студенттердің инфекциялық аурулар туралы ақпараттану деңгейі мен вакцинацияға көзқарасы қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігіне тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі екенін көрсеткен. Сонымен қатар, жастар арасында вакциналық сауаттылықты арттыру болашақта туындауы мүмкін инфекциялық аурулардың таралуына қарсы дайындықты күшейтудің маңызды алғышарты екені анықталған.

Ғылыми еңбек қоғамдық денсаулық сақтау, профилактикалық медицина және инфекциялық аурулардың алдын алу бағыттарындағы зерттеулерді дамытуға елеулі үлес қосып, Қазақстан жастарының денсаулық мәдениетін жетілдіруге қатысты маңызды ғылыми деректер ұсынады.

Дильназ Қонбаеваның ғылыми жұмысы биология кафедрасының доценті, PhD, вирусология және иммунология саласының зерттеуші ғалым Арман Исимовтың жетекшілігімен орындалды. Ол жұқпалы аурулар мен қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерін зерттеу бағытында жазылған бірқатар ғылыми еңбектердің авторы.

Бұл жетістік университетіміздің ғылыми-зерттеу қызметінің қарқынды дамуын айқындап, жас ғалымдардың халықаралық ғылыми қауымдастықтағы белсенділігі мен бәсекеге қабілеттілігінің жоғары деңгейін көрсетеді.

28/05/2026

ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСТЕ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Ғылыми кеңестің кезекті отырысында университеттің әлеуметтік және жастар саясатының жүзеге асырылу мәселелері қаралды. Жиын барысында Басқарма мүшесі, Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Нарқозы Қартжан 2025–2026 оқу жылында атқарылған тәрбие жұмыстарының нәтижелері, әлеуметтік бастамалардың тиімділігі және мемлекеттік идеологиялық басымдықтардың университеттің тәрбие кеңістігімен интеграциялануы туралы мазмұнды баяндама жасады. Баяндамада білім алушылардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, құқықтық мәдениетін арттыру, әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету және жастардың құндылықтық бағдарларын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілгені атап өтілді.

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында құқық қорғау органдары өкілдері және менторлар институтының бірлесе жүргізген профилактикалық жұмыстары нәтижесінде білім алушылар арасындағы құқықбұзушылық көрсеткішінің төмендеуі тіркеліп, университеттің қауіпсіз әрі қолайлы әлеуметтік-психологиялық ортасын қалыптастыруға оң ықпал еткені айқындалды.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде университет қауымдастығының белсенді қатысуымен 2500 тоннаға жуық қағаз қалдықтары тапсырылып, 6500 тонна пластик қайта өңдеуге жіберілді. Сондай-ақ, 8500 шаршы метр аумақ жерге санитарлық тазалу жұмыстары жүргізіліп, 200 түп ағаш отырғызылды.

Сонымен қатар, 30 студенттік клуб пен ұйымның қызметі білім алушылардың университет ортасына бейімделуіне, олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және жан-жақты дамуына ықпал ететін тәрбие жұмысының маңызды әрі тиімді үлгісі ретінде танылды.

Ғылыми кеңес қорытындысында жүргізілген әлеуметтік және тәрбие жұмыстарының тиімділігі сараланып, жастар саясатының институционалдық тетіктерін жетілдіру, білім алушылардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың басым бағыттары белгіленді.

22/05/2026

АҚТӨБЕДЕ ҚЫТАЙ ТІЛІН МЕҢГЕРГЕН ЖАСТАРДЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ САЙЫСЫ ӨТТІ

Бүкіләлемдік бастауыш, орта мектеп оқушылары мен студенттер арасындағы «Қытай тілі көпірі» байқауының Қазақстан Республикасы бойынша іріктеу финалы қорытындыланды.

Байқау барысында қатысушылар қытай тілін меңгеру деңгейі, сондай-ақ Қытайдың мәдениеті, тарихы, музыкасы мен өнері бойынша білімдерін көрсетті. Іс-шара Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі мен өңірлік консулдықтың қолдауымен, Конфуций институтының ұйымдастыруымен өтті. Бағдарлама аясында қытай халқының ұлттық дәстүрлері мен өнері таныстырылды.

Шараға Қытай Халық Республикасының Ақтөбе қаласындағы Бас консулдығының өкілдері, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жанындағы Конфуций институттарының Қазақстан және Қытай тарапынан директорлары қатысты.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жанындағы Конфуций институты – Қазақстанның батыс өңіріндегі қытай тілін оқыту және қытай мәдениетін насихаттау бағытында жұмыс істейтін орталықтардың бірі. Институттың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту, қытай тілін оқыту және екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту.

Photos from Zhubanov University's post 22/05/2026

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДАҒЫ САПАНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жұбанов университетінде жоғары білім беру жүйесіндегі деректерге негізделген шешім қабылдау мәселелеріне арналған «Жоғары оқу орындарындағы сапаны қамтамасыз ету: мүдделі тараптардың тәжірибесін жақсарту үшін деректерді тиімді пайдалану» тақырыбындағы IV институционалдық зерттеулер форумы өтті.

Форум Nazarbayev University, KIMEP University, SDU University, UIB, QyzPU және DKU (Германия) сынды университеттерді біріктіретін институционалдық зерттеушілердің кәсіби қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырылды. Форумға қатысқан еліміздің батыс өңіріндегі жоғары оқу орындары қатарында Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті бар.

Форум барысында институционалдық зерттеулерді дамыту, деректер негізінде басқарушылық шешімдер қабылдау, білім сапасын арттыру және халықаралық тәжірибені жоғары оқу орындарының қызметіне енгізу мәселелері кеңінен талқыланды.

Қатысушылар қазіргі таңда деректерді талдау мен тиімді пайдалану университеттердің стратегиялық дамуының маңызды құралына айналып отырғанын атап өтті. Бұл білім беру ұйымдарына қоғамның өзгермелі талаптарына бейімделуге және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Photos from Zhubanov University's post 20/05/2026

КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМ МҰХТАР АРЫНҒА АРНАЛҒАН ТҰҢҒЫШ МОНОГРАФИЯ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Көрнекті ғалым, педагог, қоғам қайраткері Мұхтар Арынның 90 жылдық мерейтойына орай өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғалымға арналған «Мұхтар Арын: ұлттық құндылықтар және тәрбие тұтастығы» атты тұңғыш монография таныстырылды.

Қайраткердің тағылымды ғұмыры мен еңбегі ұлықталған шараға облыстық басқарма басшылары, университет басшылығы, қоғам қайраткерлері мен ғылыми қауымдастық өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ отбасы мүшелері мен шәкірттері қатысты.

Мұхтар Арын – тіл мен дінді, тарих пен дәстүрді, туған жерді қазақтың тірегі, ұлттық руханияттың бес асылы деп белгілеп, білім мен тәрбие жүйесіне бар ғұмырын сарп еткен ойшыл ұстаз.

Еңбекте Мұхтар Арын идеяларының халықтық педагогикамен сабақтастығы, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі орны, тәрбие үдерісіндегі маңызы кеңінен қарастырылған. Сондай-ақ профессор мұрасын жоғары оқу орындарының білім беру үдерісінде тиімді пайдалану бағыттары мен оның еңбектерінің қазіргі тәрбие жұмыстары мазмұнындағы көрінісі ғылыми негізде зерделенген.

Монография ғалымның ғылыми-педагогикалық мұрасын насихаттауға, ұлттық тәрбие құндылықтарын дәріптеуге және жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға бағытталған маңызды еңбек ретінде бағаланды.

30/04/2026

АТА-АНА ЖӘНЕ ОТБАСЫ ПСИХОЛОГИЯСЫ

Университетте облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлесіп, ата-аналар қауымына арналған бала мен ата-ана арасындағы үйлесімді қарым-қатынасты қалыптастыруға, отбасы ішіндегі эмоционалдық байланысты нығайтуға және баланың психологиялық тұрғыдан тұрақты дамуына қолдау көрсетуге бағытталған семинар-тренинг ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараға тәжірибелі психологтар, сондай-ақ тәуелді мінез-құлықтың алдын алу және түзету мәселелерімен айналысатын сарапшылар қатысып, теориялық мазмұндағы баяндамалармен қатар практикалық кейстерді талдау арқылы нақты ұсынымдар берді. Қатысушыларға бала тәрбиесіндегі заманауи психологиялық тәсілдер, тиімді коммуникация орнату жолдары, дағдарыстық жағдайларда дұрыс әрекет ету алгоритмдері түсіндірілді.

Семинар-тренингке қатысқан 150-ден астам ата-анаға балалардың психологиялық саулығын сақтау, отбасылық қарым-қатынасты нығайту, тұлғалық дамуды қолдау бағытындағы жадынамалар мен практикалық материалдар үлестірілді.

Интерактивті форматтағы талқылаулар арқылы ата-аналар мен мамандар арасында ашық диалог орнады. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу, олардың психоэмоционалдық әл-ауқатын арттыру және отбасы институтын нығайту бағытында өзара ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік берді.

Photos from Zhubanov University's post 22/04/2026

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ЖОЛ: СТУДЕНТТЕР МЕН ЖАУАПТЫ САЛА ӨКІЛДЕРІ БАС ҚОСТЫ

Мемлекеттік қызмет саласындағы кадрлық әлеуетті дамыту және жас мамандарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту мақсатында университеттің Тарих және география факультетінде диалог алаңы ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Жазықбай Дархан Медеғалиұлы, университет ректоры Лаура Қарабасова, облыс әкімінің орынбасары Әбдікәрімов Абзал Әлиұлы, сондай-ақ өңірдің мемлекеттік қызметшілері мен бітіруші түлектер қатысты.

Диалог алаңында мемлекеттік қызметтің ел дамуындағы стратегиялық маңызы, ашықтық пен тиімділік қағидаттары, сондай-ақ кәсіби біліктілік пен жауапкершіліктің рөлі жан-жақты талқыланды. Жас кадрлардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі үлесіне ерекше назар аударылды.

Дархан Жазықбайдың айтуынша, биыл Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік қызметке қабылданған 62 жас түлектің 24-і Жұбанов университетінің түлегі. Бұл дерек оқу орнының өңірдегі білікті кадр даярлаудағы нақты үлесін көрсетеді.

2016 жылдан бері Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті бастамасымен университет базасында Мемлекеттік қызмет мектебі жұмыс істейді. Бұл алаң студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға және мемлекеттік қызметке бейімделуіне мүмкіндік беріп келеді. Сонымен қатар университет пен департамент арасындағы меморандум аясында студенттер жыл сайын мемлекеттік органдарда өндірістік тәжірибеден өтеді.

Шара барысында қатысушылар мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, кадрлық іріктеу талаптары және кәсіби даму мүмкіндіктері бойынша сұрақтарына нақты жауап алды.

Photos from Zhubanov University's post 21/04/2026

ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ӨНДІРІС: ИННОВАЦИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК ФОРУМЫ

Университетте ғылым, инновация және өндірістік сектор арасындағы өзара ықпалдастықты дамытуға бағытталған форум өтті. Іс-шара ғылыми-зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру, инновацияларды өндіріске енгізу үдерістерін жетілдіру және қолданбалы әзірлемелерді индустриялық ортаға енгізу мәселелерін кешенді талқылауға арналды.

Форумның ғылыми сессиясында қауымдастырылған профессор, философия докторы (PhD) Ербол Шабанов «Академиялық және зерттеу артықшылық орталығының өндірістік секторға интеграциялану мүмкіндіктері», «Мұнай-газ ісі» кафедрасының доценті, философия докторы (PhD) Гузель Абилова «Жоғары дәлдікті аналитикалық құрал-жабдықтар негізінде табиғи және техногендік объектілерді кешенді зерттеу», Биология кафедрасының доценті, философия докторы (PhD) Арман Исимов «Ірі қара малдың нодулярлық дерматиті бойынша эпидемиологиялық және генетикалық талдау», философия докторы (PhD) Әбілқайыр Исақұлов «Полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу арқылы құрылыс материалдарын алу технологиялары», «Мұнай-газ ісі» кафедрасының доценті Риза Оразбекова «Құрамында хром бар өндірістік қалдықтарды экологиялық қауіпсіз материалдарға қайта өңдеу әдістері», Физика-математика факультетінің 1-курс докторанты Бибінұр Ізтілеуова «Полимерлік композиттер лабораториясы» тақырыптарындағы жобаларын таныстырды.

Бағдарлама шеңберінде ұйымдастырылған панельдік пікірталаста ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың институционалдық тетіктері, бизнес-құрылымдармен кооперация және индустриялық әріптестік мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, қолданбалы жобалар көрмесі ұйымдастырылып, ғылыми-инновациялық экожүйені дамытуға бағытталған бірқатар бастамалар ұсынылды.

Форум жұмысына университет жобаларына қызығушылық танытатын, серіктестік орнатуға және бірлесе жұмыс істеуге дайын өңірдегі жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ облыстық кәсіпкерлер палатасы мен мұнай-газ, өндіріс, құрылыс және қызмет көрсету салаларындағы 75-тен астам кәсіпорын өкілдері қатысты. Шара ғылым мен өндіріс арасындағы синергияны күшейтуге, инновациялық жобалардың нарыққа шығуын жеделдетуге және өңірлік экономиканың технологиялық жаңғыртылуына ықпал ететін маңызды коммуникациялық алаңға айналды.

Want your school to be the top-listed School/college in Aktobe?

Click here to claim your Sponsored Listing.

Location

Category

Telephone

Address


проспект Алии Молдагуловой, 34
Aktobe
030000

Opening Hours

Monday 08:30 - 18:00
Tuesday 08:30 - 18:00
Wednesday 08:30 - 18:00
Thursday 08:30 - 18:00
Friday 08:30 - 18:00